Қыршын кеткен вундеркинд қазақ баласы жайлы не білесіз?

Ол – Төрегелді Төлеубаев. Семейдің тумасы. Төрегелді жайлы қазақ сатирасының саңлағы, журналист марқұм Мартбек Тоқмырзаның «Бір бала» атты көлемді мақаласы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 2004 жылғы 30 қыркүйегі күнгі санында жарияланған еді. Мартбек Тоқмырзаның зерттеуі бойынша, Төрегелді Еркебұланұлы Қарағандының қазақ-түрік лицейін бітіргеннен кейін, Түркияның Фатих және Американың Вашингтон университеттерінде білім алған. Төрегелді 20 тілді білген. Атап айтқанда, ағылшын, француз, неміс, италян, араб, парсы, тәжік, түрік, әзірбайжан, қырғыз, түркімен, татар, башқұрт, поляк, украин, болгар, серб, латыш және орыс тілдерін білген екен. Түркия университетінде оқып жүріп, «Тойфл» тапсырады. Максимальды 670 ұпайдың 660-ына жетеді. Оның «Жаһандық оқу сыныбы» атты ғылыми жобасы негізінде Аргентинаның Ля-Александрия, ОАР-ның Порт-Элизабет, Жаңа Зеландияның Окленд университтерінде және Жапония, Эритерия университеттерінде сабақ жүргізіліп келеді. Оған 80-нен аса профессорлар мен магистрлар қатысады екен. Түркияда тәлім алып жүрген жылдары Төрегелді Түрік Еуразиялық іскерлер кеңесінің аймақтық кординаторының көмекшісі болып, одан кейін Түркияның сыртқы экономикалық қатынастар комитетінде жұмыс істейді. Сонымен қатар, ол 17 елдің президенттері мен премьер-министрлердің протоколдарын жазуға қатысқанын Мартбек ағамыздың көлемді мақаласы арқылы біліп отырмыз. Олар – сол кездегі Франция президенті Жак Ширак, Түрікменбашы Сапармұрат Ниязов, Қырғыз президенті Асқар Ақаев, Әзірбайжан президенті болған марқұм Гейдар Әлиев, Украина президенті Леонид Кучма, Ресей премьер-министрі болған Михаил Касьянов еді.
Төрегелді болса 3 жасынан бастап хат таныған. Әлемнің саяси картасындағы барлық елдің қай жерде орналасқанын, оның астанасы қандай екендігін сол уақыттарда жаттап алған деседі. Бес жасында жазуды үйренеді. Бала кезінде теледидардан үзбей көретін «Халықаралық шолу» хабарының сол кездегі жүргізушісі Фарид-Сейфуль-Муликовқа хат жазған екен. Хаттың мазмұны мынадай: «Менің елші болғым келеді. Сол арманыма жету үшін не істейін». Төрегелді небәрі 24 жасында көлік апатынан қаза тапты. Қысқа ғана ғұмырында өшпес із қалдырды артында.
Біз көп нәрсені біле бермейміз ғой жалпы. Дарынды адамның туып, өмірден өткенінен де бейхабар күйде тіршілігімізді жалғастырып келеміз. Мартбек Тоқмырзаның осы бір ғана мақаласы бізді осындай күйге бөлеп отыр. Төрегелді Төлеубаев жайлы білмегеніміз үшін қымсынып отырмыз.

Ерболат ҚУАТБЕК,

«Арқа ақшамы» газеті