Табыс пен байлық келсін десеңіз…

Бір әйел үйінен сыртқа шыға бергені сол екен, есігінің алдында отырған нұрлы жүзді қарияларды көреді. Олардың шаршап отырғандығын байқаған әйел сәлемдескен соң:
— Үйге кіріп тынығып алыңыздар. Шаршаған сияқтысыздар. Қонақ болыңыздар, — дейді.
Қариялар:
— Отағасы үйде ме? — деп сұрайды.
— Жоқ, әлі жұмыстан келген жоқ.
— Олай болса отағасы келсін, сосын кірерміз, — дейді қариялар.
Күйеуі жұмыстан оралған соң әйелі болған жайды баяндап береді.
Күйеуі:
— Қонақ – үйдің құты емес пе? Дереу шақырып кел, ас ішіп, әлденіп алсын, — дейді.
Қариялар әлі отыр екен. Әйел:
— Отағасы келді, үйге кірулеріңізді өтінемін, — дегенде қариялардың бірі:
— Біз үшеуміз бірге кірмейміз. Мына қарияның аты – Байлық, ал мына кісі – Табыс. Менің атым – Сүйіспеншілік. Біреуімізді таңда, — дейді.
Әйел ойланып тұрып:
— Ендеше, Сүйіспеншілік ата, жүріңіз, — деп үйіне кіргізбек болғанда үш қария да бірге үйге кіреді.
Дастархан басына отырып, жайғасқан соң Сүйіспеншілік күлімсіреп:
— Егер сендер Табысты немесе Байлықты шақырғандарыңда қалған екеуміз сыртта қалар едік. Алайда сендер бірінші мені шақырдыңдар. Ал мен қайда барсам да, Табыс пен Байлық міндетті түрде менімен бірге еріп жүреді, — депті.