Сирияда тұратын қазақ қызы: «Бұл елдің қыздары басқалар секілді жеңіл жүріске түспейді»

Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі ретінде танығандықтан «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған. Сондай-ақ «Қыз – қонақ» деп төрінен орын беріп, барынша аялап, оның ізетті, сыпайы, мейірімді, қылықты болып өскенін қалаған. Дегенмен соңғы жылдары кей қаракөздеріміздің жеңіл жүріске салынып, бойынан түрлі теріс әрекеттердің табылып жатқаны жасырын емес.

Естеріңізде болса, біз газетіміздің өткен жылғы нөмірлерінің бірінде Сирияның Дамаск қаласында тұратын қандасымыз Ақбантик Рахмун жөнінде жазғанбыз. Міне, сол Ақбантик таяуда өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мынадай жазба жариялады:

«Біз зат алғымыз келсе Шамдағы атақты, атағы жұмысына сай сауда үйлеріне баруға тырысамыз. Өйткені мұнда әрбір сауда үйінің өз өндірісі бар. Олар сол атағын жоғалт­пау үшін өнімдерінің сапасына аса көңіл бөледі.

Таяуда сондай сауда үйінің біріне барғанымда сыртында осы сауда үйі тіккен әдемі көйлектерді киген қыздардың суреті бар пакеттер таратылды. Сатушы жігіт пакет сыртына суретке түсетін қыздарды арнайы Украинадан әкелгенін айтып қалды. Осы жағдай маған ой салды. Расында да бұл елде қыздар жеңіл жүріске түспейді. Олар тәнін ақшаға сатпайды».

Осы жазбасын оқығаннан кейін біз оған хабарласып, Ақбантиктен: «Сирияда қызды қалай қадірлейді?» – деп сұрадық.

«Асыл дінімізде әйелдің, қыз баласының қадірі жоғары. Ал сириялықтардың көбі мұсылман болғандықтан қыздың тәрбиесіне, оның жүріс-тұрысына жіті көңіл бөлінеді, – деді Ақбантик. – Кішкентай қыздардың өзін ерекше бағалайды, асыл тас секілді жасырын ұстайды. Қыздарына қоқыс төккізбейді, көшенің жұмысын істетпейді. Соны бала күнінен сезіп өскесін қыздардың өзіне деген құрметі де ерекше. Өздерін күте біледі, сыйлата біледі.

Тіпті ажырасқан, жесір әйелдердің өзіне үйлену оңай емес. Қазақстандағыдай қыздың өзіне сезімін білдіріп, соңынан үйлене салмайды. Ер-азамат алдымен қыздың немесе жесір әйелдің туыстарына жолығады. Қыздың ойын солар арқылы біледі. Егер келісімін беріп жатса жөн-жоралғысын жасап, құда түсіп, қалыңмалын береді. Айтпақшы, қалыңмалды қыздың туыс­тарына емес, өзіне ұстатады. Ол ақшаны қыз қалай, қайда жаратады, өзі біледі. Көбіне қыздар алтын алып қояды. Сирияда алтын өте бағалы. Оған олар жылжымайтын мүлік ретінде қарайды.

Осындай жағдайдан кейін жеңіл жүріс деген қайдан болсын? Модельдік жұмысқа тарту былай тұрсын, бөтен еркектің сұқтана қарағанының өзі оларды қорлау болып саналады. Ал енді әлгіндей жарнамалық жұмыстарға Украи­надан қыздар шақыртылады. Ол ел бізге жақын болғандықтан қыздарды жалдау ақы­сы да арзан. Арзан жерде сұ­ра­ныстың болатыны да анық қой».

…Дамаскіде тұратын қандасымыздың сөзі маған ой салды. Қазір «14 – 15 жастағы мектеп оқушысы жүкті болып, түсік жасатыпты» десе де селт етпейтін болдық. Себебі бұл үйреншікті құбылысқа айналып барады. Ең қорқыныштысы да осы. Қарға тамырлы қазақтың ұрпағын тәрбие­леп, өмірге ұлы тұлғалар әкелетін болашақ аналарымыз өзінің ертеңгі тағдырына бүгін балта шауып жатыр.

Бір отбасының ғана емес, бір рулы елдің, қала берді, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін жан – ана. Ол – қоғамның басты күретамыры. Ананың аялы алақанының жылуы арқылы біз мейірім мен шапағатқа бөленеміз. Ананың махаббаты, ақ сүті арқылы ұлттың асыл қасиеті де, ата-баба өсиеті де, асыл діні мен ана тілі де, салты мен ділі де ұрпақ бойына дариды. Ал бүгінгі ана – кешегі бойжеткен қыз, ертеңгі асыл әже. Демек, бүгінгі қыздардың қолында бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр.

Ендеше, қыз тәрбиесіне жіті көңіл бөлейікші, бауырлар!

 

С. МАҚҰЛБЕК,

«Замана» газеті