Пойыздан кешіккен студенттің оқиғасы көпті таң қалдырды

Бірінші курсты аяқтап, елге бару үшін вокзал кассасынан кешкі сағат онның отарбасына билет алдым. Сағат әлі жеті. «Жатақханам вокзалға жақын ғой, жаяу барсам жүктерімді алып келуге үлгеремін»,- деп жатаханаға жаяу тарттым. Көше қиылысына келгенде өтіп бара жатқан машинаға жол беріп, енді жолды кесіп өтуге ыңғайланып жүре беріп едім, менімен қапталдаса орыс тектес орта жастағы әйел де жолдың аржағына өтті.

Ол кісі неге екенін білмеймін “асықпа, сабырлы бол”, — деп жатты. Содан екеуміз шүйіркелесіп әңгімелесіп кеттік. Ол кісіге:

— Бірінші курсымды аяқтадым, отарбамен кетуге үш сағат бар, сондықтан жатаханаға заттарымды алуға бара жатырмын, — дедім.

— Сен асықпа, асықпаған арбамен қоянға жетеді, сақ болғанға Алла да жақ, оқуыңа күш сал, сонда көздеген мақсатыңа жетесің, — деп ақыл-кеңесін аямай айтып келе жатты.

Жатахананың жанында «Москва» дүкені болатын, мен дүкенге жақындай бере бір нәрсеге алаңдап артыма қарайладым да, қайтадан әйелге бұрылып әлдене айтуға оқтала беріп едім, жанымдағы әйелді таба алмай қалдым, төңіректе көрінбейді. «Қайда кетті екен» деп қатты таңғалғаным есімде, әлгінде ғана жанымда еді ғой, деймін.

Содан жатақханаға келдім, келсем бәрі ұйқыға жатып қалыпты. Чемоданыма заттарымды салып жатыр едім, жолдасым:

— Сен қайда жиналып жатырсың,- деді.

— Отарбам сағат онда соған үлгеруім керек,- деп едім.

— Сен қызық екенсің сағат он болды енді үлгермейсің, — дегенде қатты өкіндім.

Сонда вокзал мен жатахананың арасына үш сағат жүргенім бе, өйткені екі аралық жаяу жүргіншіге көп болса жарты сағаттық қана жол. «Бұл не жұмбақ,- деймін, — қалайша мен екі аралықты үш сағат жүргенмін, бұл мүмкін емес, сонда әлгі әйелмен үш сағат сөйлескенім бе», — деп айран-асыр болдым. Енді не істейсің, болар іс болды, амалсыздан келесі күні елге кетуге тура келді…

Бірақ артынан курстастарымнан сол жолаушылар отарбасының жүк таситын отарбамен қақтығысып апатқа ұшырағанын естігенде Аллаға шүкіршілік еттім. Сонда мені апаттан құтқарған сол әйел періште болғаны ма. Бұл бір тылсым дүние болды мен үшін. Осыдан бастап мен, адамдарға жақсылық көрсетіп, рахметтерін жинап жүргенді сауап деп білетін болдым.

Ерсін Ерғалиев