Педофильге алданып қалған бозбаланың әңгімесі желіні жарды

Иллюстрациялық фото

Ол кезде небәрі 16-дамыз. Досым екеуіміз колледжде оқып жүріп, демалыс күндері жұмыс жасаймыз. Көлік жуамыз. Сондай бір күндердің бірі еді. Табыс та жаман емес. Бірақ, адамда қашан қанағат болып еді. Клиенттің түр-түрін көрдік. Бірі тәкаппар болса, бірі қарапайым. Бірі жомарт, бірі сараң дегендей.

Бір клиенттің төбесі көрінді. Ол алдымен бізден бұрын тұрған балаларға барды. Бірақ, келісе алмады ма білмеймін бізге келді. «5000 теңге берем екеуіне. Бірақ, көлігімді үйімде жуасыңдар» деді әлгі орыс жігіт. Екеуіміз қуанып кеттік. «Мә, күнделікті табатын табысымызды бір машина жуып-ақ табатын болдық» деп.

Көлігіне отырғызып, үйіне қарай тартты. Бір кезде қарасам, қаладан асып бара жатыр. «Мүмкін қаланың сыртында тұратын шығар» деп іштей түйдік.

Бірнеше шақырым жерге ұзап кеттік. Ақшам уақыты жақындап қалған кез. Көлшікке әкеліп, жуындар деді. Бізде артық ауыз сөз айтуға мұрша жоқ. Мұрша болғанмен, тіл де жетіспейді.

Күдік пен күмән аралас ойда көлікті жуып жатырмыз. Бір сәтте, көлігіне қайтадан отырғызып, әңгімесін жіберді. Досым ана біреудің қасында отыр, мен артында. Анау келіп, бір кезде досымның қолын өзінің мүшесіне қарай тақасын кеп. Сол сәтте: «Тарт қолыңды» деп айғайладым. Анау не айтқанымды түсінгендей: «Не подсказывай» деп салды.

«Қаштық» дедім досыма сол кезде. Көліктің артында жатқан шелекте неміз бар деймін де. Шелекті тастамай қаша жөнелдік. Машина жүре алмайтын жермен қашу ойымызға келгеніне шүкір әйтеуір.

Күн батқан кез. Дала қап-қараңғы. Қалаға бірнеше шақырымдай жер бар. Қашып келеміз. Жер бетінде анау біреудің көлігінің жарығынан басқа жарық жоқ секілді. Бір кезде жолға шығып, машина тоқтатуға оқталдық. Ешкім тоқтамады. Көзден жас парлап барады. Үстімізді көріп, иесінен қашқан құлдар деп ойласа керек. Сол кезде қаланың тасжүрек адамдарының пиғылын алғаш көрдік. Бұлардан еш медет болмаған соң, қалаға қарай жаяу тартып келеміз. Бүкіл өміріміз көз алдымыздан өтті. Бірақ, қайбір өмір сүрдік біз. Небәрі 16 жас. Түк те көрген жоқпыз ғой. Аллаға жалбарынып, қорлық көрмеуімізді сұрадық.

Алланың құдіреті, сол сәтте ана біреудің көлігі бір жерде кептеліп қалды.

Дачалардың ішімен қашып келеміз. Аяқ жүрер емес, қала көрінетін түрі жоқ. Жүрек өз соғысынан асып кеткелі қай заман. Дачаның ішімен келе жатып, неше түрлі ойды өткеріп келеміз. Қорқынышты киноларды еске алдық.

Сөйтіп, қалаға шамамен түнгі 2-ден аса бір-ақ жеттік. Соңғы тапқан тиынымызды таксиге беріп, үйге де келдік.

Сол күннен бастап әлгі жұмысқа жолаған емеспіз. Барлық адам мейірімді деген баланың түсінігі сол күннен бастап өзгерді. Адамға деген күмән да жиіледі. Анандай қорлықтан аман қалғанымызға Құдайға шүкіршілік еттік.

Олжас

hikaia.kz