Он екі мүшесі сау қайыршы адал еңбекпен ақша тауып отырғанын айтты

Көше бойын жағалап, қайыр сұрап жүрген адамдар қатарынан дені сау, он екі мүшесі түгел адамдарды көруге болады. Солардың бірі – Оспан Қалдыбаев. Ол ата-анасынан жеті жасында жетім қалған соң, қайыр сұрауды әдетке айналдырған. Қазір жасы 55-ке келсе де, әлі қайыр сұрап, күн кешіп келеді. Үш қыз, екі ұлдың әкесі. Күнделікті табысы үш мың теңге. Ал мейрам күндері төрт-бес мың теңгені құрайды.

Оспан Қалдыбаев өз жағдайын баяндап тұр.

Оспан Қалдыбаев қайыр сұрауды әдетке айналдырған / Фото informburo.kz
– Қыздарым тұрмыста. Ешқандай пайдасы жоқ. Біз әйелім екеуміз 25 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Кіші ұлым әлі мектепте алтыншы сыныпта оқиды. Менің табысым адал. Ешкімнен алдап немесе ұрлап алмаймын. Тек алақан жайып сұрап аламын. Денсаулық болмаған соң, басқа жұмысқа жарамаймын.

Оспаннан үлкен ұлының жасын сұрағанымда, есіне түсіре алмады. Ал балалары әкесінің қайыр сұрап күн көргеніне намыстанбайды екен.

– Үлкен ұлым 15, 16? А, он жетіде. Ол сол бір жерлерде жұмыс жасап жүр. Әйелім пәтер иесінің моншасын жуады. Еңбек ақысына аптасына бір рет тегін моншаға түсеміз. Мынадай автокөлік көп жүретін жерлерде тұрсаң, табыс жақсы. Бәсекелестер жоқ деуге болады.

Көше бойын жағалай, қайыр сұрап жүріп Оспан өзінің де, автокөлік жүргізушілерінің де өмірін қатерге тігетінін түсінеді. Құқық қорғау қызметкерлері де тыйым салғанмен, қайта орнына келіп тұруға мәжбүр.

Оспан Қалдыбаев жол бойында қайыр сұрап тұр.

Оспан Қалдыбаев жол бойында қайыр сұрап тұр / Фото informburo.kz
– Менің дәл осы жерде тұрғаныма он бір жыл болды. Адам қайыр сұраудан байып кетпейді. Күнделікті тамақ пен киімге жетеді. Одан артық не керек? Полиция қызметкерлері келіп, көліктердің жүруіне кедергі келтіріп тұрсыңдар деп қуады. Жалынып жүріп, біраз уақыттан соң қайта келіп аламыз. Өйткені қайыр сұрамасақ, аш қаламыз.