Омбы қазағының жауабы көпті сүйсіндірді

Ата-бабаларымыз кезінде жан-жаққа бас сауғалап, елін тастап кетуге мәжбүр болды емес пе? Солардың қатарында өзімнің де тамырларым бар. Шежірені ақтарып, олардың өмірбаянын зерттеп жүрмін. Бір атам Семейде жерленсе, бір атам Оралға дамылдаған екен. Бір бабам би болса, бір бабам қолбасшы болса керек. Кез келген нағыз қазақтың ұрпағы өз ата-бабаларымен шын мақтана алады.

Шежірені зерттеп жүріп, Омбы қаласында тұратын туыстарым бар екенін білдім. Шын қуанып, қуанышым шегімде болған жоқ. Ғаламтор біраз нәрсеге қамқоршы ғой шіркін. Соның арқасында туыстарымды әлеуметтік желі арқылы тауып алдым.

Барлығы отбасылы азаматтар. Осы уақытқа дейін сөйлесіп тұрамыз. Менің айтпағым ол емес.

Әңгіме барысында айтамын ғой: «Қазақстанға келмейсіңдер ме?» деп.

Сондағы бауырларымның жауабы мені шын қуантты және рухтандырды.

Бауырым айтады: «Мен сол Қазақстанда тұрған жоқпын ба? Қазақ жерінде жүрген жоқпын ба» деді. Мен тосылып қалдым. Бірақ, іштей шын қуандым. Әлі де болса рухтың өлмегеніне қуандым. Ол жақтағы азаматтардың іштей болса да қарсылығын көрдім. Омбы біздің тарихи жеріміз екенін көкейінде ұстап жүргеніне шаттандым.

Мақсат