«Ол жаққа барып келген кім бар?» дейтіндерге жауап

Сұрақ: «Ол жаққа (яғни, о дүниеге) барып келген кім бар? . Осыған қандай жауап болады?».

Жауап: О дүниеге Мұхаммед пайғамбар барып келген. Алла Тағаланың қалауымен о дүниедегі пейіш пен тозақты және ондағы адамдар оған көрсетілді. «Сахих Хадистің» бірінде Мұхаммед пайғамбарымыз (ғ.с.) былай дейді:

«Маған пейіш көрсетілді. Пейіштегілердің көбісі кедейлер екендігін көрдім. Және маған тозақ көрсетілді. Тозақ иелерінің көпшілігі әйелдер екендігін көрдім»[1].

Әл-Хакимнің «Мүстәдрәк» атты хадистер жынағында орын алған басқа бір риуятта сахаба Әбу Үмәмә әл-Бәһили былай дейді:

«Мен Пайғамбарымыздың былай дегенін естідім: «Мен ұйықтап жатқан сәтімде екі ер кісі келіп менің екі білегімнен ұстап, шығуы қиын бір тауға алып келді. Ол екеуі маған: «Шық» деді. Мен: «Шыға алмаймын ғой», — дедім. Олар: «Біз оны саған жеңілдетеміз», — деді. Кейін шықтым. Таудың дәл төбесінде болғанымда, ащы дауыстар естілді. Мен: «Мына дауыстар не?, — деп сұрағанымда, Ол екі кісі: «Тозақ иелерінің гуілдеген, ұлыған дауыстары», — деп жауап берді. Одан кейін, мені бір жерге апарды. Ол жерде бір қауымды көрдім. Аяқтары  тірсектерінен ілінген, ұрттары жыртылған, ұрттарынан қан ағып жатыр. Мен: «Мыналар кімдер?», — деп сұрадым. «Бұлар – оразаларын күн батпай жатып, себепсіз ашып жібергендер», — деп жауап берді»[2].

Осы сияқты сахих хадистер кітаптарда көптеп кездеседі. Осыған орай, «ол жаққа кім барып келіпті» дегендерге, аздап қисынсыз болса да «Мұхаммед пайғамбарымыз барып келген» деп айтамын.  

Өкінішке орай, қандастарымыздың арасында өзін мұсылман санағанымен, діндегі иман шарттардың бірі болып есептелетін о дүниелік жағдайға келгенде «ол жаққа кім барып келіпті» деп күмәнға түсіп жататындар бар. Біле-білсек бұндай сөздер адамды діннен шығарып, кәпір етеді. Сақ болған жөн.

Жақында ғана ғалымдар дәл біздің жер планетасына ұқсас планета ашты. Ол 600 жылдық ұзақтықта орналасқан екен. Айтыстарына қарағанда, өмір сүруге қолайлы. Ауа-райының жылулығы +25 градусстан аспайды деп жатыр. Осы тұрғыда, ол жаққа кім барып келіпті? Кім ол планетаны зерттеп келген? 

Сондай-ақ, күн ядросының температурасы шамамен 15 000 000°C-қа тең делінеді. Күннің беткі қабаты 5500°C екен. Енді, күнге барып, температурасын өлшеп келген адам бар ма?

Өмірде осы секілді адамның аяғы баспаған, көзі көрмеген, құлағы естімеген, ұстап көрмеген миллиондаған дүниелер бар. Бұлардың барлығын «барып келген адам жоқ қой» деп жоққа шығара аламыз ба?  

О дүниедегі жағдаятты біз көзімізбен көрмедік, көре де алмаймыз. Себебі, біздің көзімізде перде бар. Бірақ, соның бәрін жаратқан ұлы Жаратушы Алла «о дүниеде мәңгі өмір бар» деп Қасиетті Құран кітапта нақты айтып тұр. Әрі күәгер ретінде өзіміз секілді жұмыр басты пендесіне көрсетті. Ғылым – Алланың жаратқан заңдылықтарын ашушы құрал. Ол ешқашан ақиқи дінге қайшы келуі мүмкін емес. Тек, ғылымның аса алмайтын белгілі шегі бары анық. Ол шектен әрғысын біз Алланың елшілері арқылы білеміз. Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) қабір азабы жайында, о дүниедегі пейіш пен тозақ жайында, есеп-қисап жайында хабар берді. Әрі оның айтқан сөздерін сол кезеңдегі жүз мыңдаған сахабалар естіп, таратты. Одан табиғиндер кейінгілерге жеткізді. Зерттеліп, зерделеніп қағаз бетіне түсірілді. Осылайша, «пайғамбардың сөзі емес, жалған сөз» деуге мұрша бермейтіндей көлемде көпшілік тарапынан ол мәлімет бізге жетіп отыр. Ендеше, о дүниедегі жағдайға сенбеу мүмкін емес.

Осы орайда, орта ғасырда өмір сүрген франсуз ғұламасы, математик, физик әрі философ Блез Паскальдың (1623-1662 ж.) Құдай сенімі төңірегінде құрастырған математикалық формуласы ойыма келіп отыр.  Оның астарында мынадай мән жатыр:

«Құдай шын мәнісінде жоқ болса, оған сенген де, сенбеген де еш нәрсе жоғалтпайды. Ал, егер, Құдай бар болып шықса, сенген адам табысқа қол жеткізеді де, сенбеген құрдымға кетеді. Сондықтан да, ақылды адам еш күмәнданбастан Құдайға сену жағын таңдағаны жөн…». 

[1] Сахих Бұхари – Китабур Риқақ. Фазлул фақр.
[2] Әл-Хәким, «әл-Мүстәдрак»: Китабус саум. №1609 хадис. 

Абдусамат Қасым