Несие алушылар қалай алданатыны белгілі болды

«Екінші деңгейлі банктер несие алған азаматтарға заңсыз үстемелеген комиссиялық төлемдерді қайтаратын болыпты», деген хабар интернет кеңістігі мен WhatsApp қосымшасы арқылы тарап жатқанына біршама уақыт болды. Ақшаны қайтару үшін несие алғаны туралы келісімшарт пен несиені төлеу кестесінің түпнұсқалары немесе көшірмесі қажет. Сол құжаттармен сот орындарына жүгінуге тура келеді, өйткені клиенттерден бір кезде «заңды» жолмен жинап алған қаражаттан банктер де оңайлықпен айырылғысы келмейді.

Банктердің көрсеткен қыз­меті үшін алған комиссиялық төлемдерді қайтару үшін клиент­­­­тер алдымен Қазақстан кә­сіп­керлер қауымдастығына хабар­ласқаны дұрыс. Қауым­дас­­тық­қа шағымданып жат­қан­­дар­дың саны қазірдің өзін­де мыңдап саналады. Әл­бет­те, несиені ешкім де жетіс­кеннен алмайды. Айлығы шайлығына жетпейтін халық тұрмыстық техникадан бас­тап, баласының оқуына, авто­көлік пен баспанаға дүркін-дүркін несие алуға мәжбүр. Ал екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктің несие беру қызметіне ақы алуға тыйым салғанына қарамастан, өз клиенттерінен комиссиялық төлемдер жинап келген.

– Несие есепшоттары есеп айырысу операцияларына жатпайды. Бұл – ақшаны бух­галтерлік есепке алу әді­сі. Яғни несие есепшоттары­на қыз­мет көрсеткені үшін комис­сия алуға банктің құ­қы жоқ. Алайда екінші дең­­гей­­лі банктердің көп­ші­лі­гі Ұлттық банктің алдын­да­ғы­ есептерін несие алу­шы­­лар­­дың қалтасынан жүргіз­ген. Нақ­ты айтқанда, несие­ беру қызметін көрсету – екін­­ші деңгейлі банктің қарыз алу­шының емес, Ұлт­тық банк­тің алдындағы мін­деті, – дей­ді Кәсіпкерлер қауымдас­ты­ғы­ның президенті Ермек Әбіл­дин.

Оның айтуынша, 2012 жы­лы Ұлттық банк барлық ком­мерциялық банктерге кей­бір комиссия түрлерін алуға тыйым салып, несие алу­шылардың үстінен заңсыз пайда табудың жолын кесіп баққан екен. Бірақ оны елегендер шамалы. Ұлттық банк 2016 жылы несие алу ке­зін­­дегі комиссиялардың санын 46-дан 11-ге дейін (!) қыс­­қартып тастады. Екінші дең­гейлі банктердің кейбірі заңсыз комиссия жинауды сонда да доғармай қойды. Банк­тен қарыз алушылар ор­та есеппен 18-20 пайыздық не­сие алып тұрмын, осы пайыз­­ды ғана төлеймін деп ой­лаған. Ал шын мәнінде банк­тер олардың мойнына негізгі қарыздың үстіне ко­мис­сиялық үстеме қосып, 40 пайыз артық төлем жүктеп отыр­­ған.

Ермек Әбілдиннің айтуынша, Кәсіпкерлер қа­уым­­дастығының заңгерлері ша­ғым­данған несиегерлермен бірге банкке барып, тиіс­ті ақшаны қайтаруды сұ­рай­ды. Банк әдетте бас тартады. Содан қауымдастық ма­ман­дары 42 істің несиегер­лер пай­дасына шешілуіне кө­мектесті. Бүгінгі таңда қа­уым­­­дастық атына келіп түс­кен­ арыз-шағымның саны 900-ден асқан.

Қауымдастықтан көмек сұраған­дардың қатарында тауар­лы несие алғандар да,­ ипо­те­калық несие ал­ған­­дар да бар. Әсіресе сол ипо­те­калық несие алғандар­дың ко­­мис­сиялық төлемдерді қай­­таруға деген құлшынысы күшті. Енді ше, ол дегеніңіз мил­лион­даған теңгеге же­тетін қып-қызыл ақша ғой!.. Оны айтасыз, кейбір жандар үшін он-он бес мың теңгенің өзі айтарлықтай салмақ екені жасырын емес.

Айта кету керек, несие ал­ған адамдар тиісті құжаттарды түр­лі себептермен сақтай ал­ма­ған болса, банктен олар­дың түпнұсқасын талап ету­ге құқылы. Бұл жерде ес­кере­тін бір маңызды жайт: түп­нұс­қада клиент қолының көшір­месі болуы тиіс.

– Кейінгі сот шешімдеріне бай­ланысты, банктер комиссия алу туралы тармақшасы алы­нып тасталған келісім­шарт көшірмелерін бере бас­тады. Әлбетте, оларда несие алу­шының қолы жоқ. Сон­­­­дық­­тан келісімшарт пен тө­лем жасау кестесінің көшір­мелерін сұрағанда, қолыңыз қойылған түпнұсқаны беруді талап етіңіз, – дейді Ермек Әбілдин.

Сонымен қатар заңгерлер осы жағдайда көмектесуге уәде беріп, ақша сұрайтын алаяқ­­тарға алданып қал­мау­ды ескертеді. Банктің ал­да­ғаны аздай, көлденең дел­дал­дардың дегеніне сеніп, сан соғып қалмаңыз, ағайын.

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»