Мына жағдайдан соң жігіттің жолы мүлдем кесілген (Болған оқиға)

Біздің ауылда Ерден (есімі белгілі себептермен өзгертілді) деген спортшы болған. Кеңес Үкіметі кезінде ұлттық спорттан республикалық жарыстарда жеңіп жүрген елге белгілі адам екен. Жас кезінде ат құлағында еркін ойнаған ақсақалдың өмірінде бір үлкен өкініш бар көрінеді. Оны сол Ерден атаның өз аузынан естіген әжем айтып еді.

Кеңес Үкіметі кезінде жезөкшелер үйі, жезөкшелер ұяшығы, жалпы, жезөкше деген ұғым қазіргідей кең таралмаған еді ғой. Тек еркектердің кейбір жолдасы жоқ әйелдерге баратыны болмаса, отбасы құндылықтары берік сақталған кезең емес пе еді? Ерден өзі палуан, өзі шымыр, келісті жігіт, бүкіл ауыл сыйлайтын азамат еді. Бірақ, ол сол ауылдағы бір жалғыз басты, ел «бұзылған қатын» атап кеткен Бағила деген әйелмен әуейі болыпты-мыс. Бірде Ерден спорттық жарыстан жеңіп, бүкіл одақтық жарысқа баратын болыпты. Жарыс одақтас республикалардың бірінде өтеді екен.

Содан одақтық жарысқа баратынына масаттанған соң ба, не екені, Ерден жолға шығатын күні Бағиланың үйіне түнепті. Алыс жолға сол Бағиланың үйінен аттаныпты. Сонымен не керек, таулы республикалардың бірінде өткен бүкіл одақтық жарыста Ерден қарсыласынан оңбай жеңіледі. Сөйтіп, елге еңсесі түсіп, біртүрлі боп оралады.

Содан кейін Ерденнің спорттағы жолы жүрмейді. Кездескен қарсыластың бәрінен жеңіле береді. Ақыры, спортты біржолата тастаған екен. «Қарақтарым, отбасы тазалығын сақтаңдар. Жарларына адал болыңдар! Мен өмірімде үлкен қателік жасадым. Жарысқа барарда бұзылған әйелдің үйіне түнеп, содан жолым байланды. Одан кейін қанша талпынсам да спорттағы жолым жүрмей қойды. Ер адам жеке бас тазалығын сақтап жүруі керек», – деп, қартайған шағында бата сұрап барған жас жігіттерге өсиет етіп айтып отырады екен Ерден ақсақал.

Айғаным БІРТУАР