Министр: «Жұмыс берушілер қызметкерлеріне үй алуға көмектесетін болады»

Жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге көмектеседі.

«7 – 20 – 25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана алу үшін бастапты жарнаны төлеуге жұмыс берушілер көмек көрсетуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қазір біз бағдарламаға өзгеріс енгіздік. Егер оны үкімет қабылдаса, біз мемлекеттік және мемлекеттік емес кәсіпорындарға өз қызметкерлеріне көмек көрсетуге рұқсат береміз. Яғни, мекемелер ипотеканың бастапқы жарнасын төлеу үшін қарыз беруге мүмкіндік алады. Төлемнің сомасы кәсіпорынның мүмкіндігіне байланысты болады. Бағалы қызметкерге бастапқы жарнаның 10-15 пайызын, тіпті бүкіл 20 пайызын да беруі ықтимал. Бұл қарыз пайызсыз болады», — деді Өскенбаев.
Оның айтуынша, бұл мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметшілердің тұрғын үй мәселесін шешуге едәуір көмек болады.

«Үкімет бағдарламаны қабылдағаннан кейін бірден оны жүзеге асырудың тетігін әзірлейміз», — деді вице-министр.
Айта кетсек, «7 – 20 – 25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарттар бойынша теңгемен ипотека алу мүмкіндігіне ие болады. Несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайыздан аспайды. Бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін болады.

Банктерден кредиттерді сатып алатын оператор құрылып, ол «Баспана» ипотекалық компаниясы деп аталмақ. Бағдарлама 2018 жылдың екінші жартысынан бастап іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Zakon.kz