Өлімнен кейін адамның мына ағзасы жұмыс істей береді екен

Алла Тағала Қасиетті Құранда былай баяндайды: «Әркім өлім татады» (21:35). Алайда Алланың жаратқан әр пендесіне өлім әр түрлі халде келеді.

Бұл жөнінде ғылым не айтады? Ғылыми зерттеулер бойынша, өлім – кенеттен бола салатын үдеріс емес. Өлім үдерісі барысында ми – өмірдің соңғы сатысы болып табылады. Өлімнен кейін он минут бойы ми өз жұмысын жалғастыра береді екен. Қан айналым мен тыныс алу жүйесі тоқтайды. Дене «өлген» болып көрінеді, бірақ бұл сырт көзге ғана. Жүрек тоқтағанына қарамастан ми өз жұмысын жалғастыра береді. Бәлкім, ми — өлу үдерісі кезінде өмірмен соңғы болып қоштасатын ағза шығар.

Өлім сәтінде ми электр зарядын алады екен, бірақ мұның қалай болатынын ешкім де білмейді. Солай десе де, ми оттегінен айырылады. Тыныс алу мен жүрек қағысы тоқталғанына қарамастан, адам 2-20 секунд бойы өз санасында болады, өйткені бас ми қабығы оттегінсіз жұмыс жасай алады. Мидың бұл бөлігі ойлау, шешім қабылдау, сондай-ақ, сезім ағзаларынан келіп түсетін белгілерді іске қосады. Дегенмен, рефлекс пен қимыл-қозғалыс қызметтері «сөнеді». Ми өмірінің соңғы сәтін кешіп жатады. Оның жасушалары миды толықтай өлтіретін химиялық жолдарды күшейтеді.

Мидың үлкен бөлігі өледі, бірақ бір кішкене бөлігі жайдан жай беріле салмай, өліммен арпалыста болады. Бұл – елеулі естеліктер мен оқиғалар сақталатын жады орталығы. Тіпті дене қатты зақымданатын болса да мидың бұл бөлігі қанның көп кетуін елемейді. Адам толықтай өлерінің алдында мидың дәл осы бөлігі оның өміріндегі маңызды оқиғаларды көзінің алдына алып келеді. Бұл көрініс адам өмірінің соңғы минуттарында орын алады. ЭЭГ көрсеткендей, ауруханада өлетін адамдардың соңғы сәттерінің бірдейлігіне қарамастан, әрбір адам бұл сәтті өзінше басынан өткеретін көрінеді. Мұны ЭЭГ нәтижесі көрсеткен. Бұл адам өмірінің соңғы сәтіндегі өмір көрінісі, оның мазмұны адамның қалай өмір сүргені мен талпынысына байланысты болады …

Өлім мен өмір арасындағы өзара байланыс көрінісі сенімді хадистерде келтірілген. Хадистердің бірінде былай айтылған: «Тақуа құл бұл өмірмен қоштасып, келесі өмірдің табалдырығында тұрғанда, оған көктен жүздері күндей жарқыраған періштелер түседі. Олар өздерімен кебін мен Жұмақтың жұпар иісін әкеліп, оның көзінің ұшы жететіндей жерге отырады. Содан кейін оған Жан алушы періште келеді де оның бас жағына отырып, былай айтады: «Уа, ізгі жан! Алланың кешірімі және мейірімімен жүздесуге шық».

Тақуа адамның жаны ыдыстан аққан судың тамшысындай болып денесінен шыққанда оны жан алушы періште қабыл алады, сосын бір сәт те өтпей жатып басқа періштелер әлгі жанды жұпар иісі аңқыған кебінге орайды. Содан кейін жан жер бетіндегі ең көркем жұпар иіс шығаратын болады.

Осылайша, періштелер жанды көкке көтереді, бір топ періштелердің қасынан өткенде, олар: «Бұл көркем жан кімдікі?» — деп сұрайды. Оларға: «Бұл бәленше дегеннің ұлы», — деген жауап қайтарылады. Олар мүмінді тірі кезінде айтқан ең әдемі есімдермен атайтын болады …»

Ал енді күнәһардың өлім сәтіне келер болсақ, оның өлімі тақуа құлдың өлімінен мүлде бөлек болады, ол өлмей тұрып-ақ өлім азабының дәмін татып, қиналысқа түседі: «…Иман келтірмеген құл (осы хадистің өзге нұсқасында «күнәһар» деп айтылған) бұл өмірмен қоштасып, келесі өмір табалдырығында тұрғанда, көктен жүздері қара түнек періштелер түседі. Олар өздерімен бірге Тозақтан кепен ала келеді де оның қасына жайғасады. Содан кейін Жан алушы періште келіп, оның бас жағына отырып, былай айтады: «Уа, жексұрын жан! Алланың қаһарына қарай шық».

Жан алушы періште иман келтірмеген адамның  жанын денесінен сулы жүнді көп тістері бар істікпен жұлып алғандай етіп суырып алады. Көк пен жердің арасындағы періштелердің бәрі әлгі жанға лағынет айтатын болады. Бұл жанның алдынан көктердің қақпалары жабылып, көк қақпаларының сақтаушылары әлгі жанның олардың қасынан өтпеуін Алладан тілейді.

Хадистердің бірінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жан тәсілім еткелі жатқан жасөспірімнің қасына келіп, оның жағдайының қалай екенін сұрағаны келтірілген. Өлгелі жатқан бала: «Мен Алланың мейіріміне үміт етемін әрі өз күнәларымнан қорқамын», — дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер осы сәтте құлдың жүрегінде осы екі сезім орын алса, онда Ол оның үміт еткенін береді әрі оның неден қорқатынынан қауіпсіздендіреді».

Өлім үдерісі адам өмірі көрінісінің «ең таңдаулысы» болады. Осы қысқа уақыт ішінде адам тәжірибесінің мәні мен маңызы көрініс береді. Егер ол жақсы өмір сүрген болса, онда оның өлімі де жақсылыққа деген үмітпен жалғасатын болады. Ал егер зұлымдық пен жаулыққа толған өмір болса, онда оның өлімі де қорқынышты әрі азапқа толы болады.

Жаман өлімнен құтылу мен соңғы сәтті лайықты түрде жақсы қарсы алудың бір амалы – «жады орталығын» жақсы амалдармен, игі ойлармен әрі ақиқатқа жетуге талпынумен толтыру керек. Өйткені ақыр соңында әрбір «Адамзат; еңбегіне жарай ғана табысқа ие болады» (53:39). Соның ішінде, жақсы немесе жаман өлімге де қол жеткізеді.

asyldin.kz