«Головкиннің шынайы бейнесін көріп жеркеніп кеттім»

Мен де сіздер сияқты Геннадий Головкиннің шын жанкүйері едім. Жанкүйері де болып қала берем. Бірақ та оның шын бейнесін көргенде жеркеніп кеттім. Адами тұрғысынан өте төмен болып көрінді. Мүмкін бір көргеннен солай болған шығар. Алайда менің алдымда мәңгі бақи жағымсыз кейіпкер ретінде қала бермек. Ал оны спортшы ретінде шын құрметтеймін.

Америкаға жиі барып тұрамын. Саяхаттағанды жақсы көремін. Сондай сапарлардың бірінде Нью-Йорк көшелерінің бірінен ойда-жоқта Головкинмен жүздесіп қалдым. Шын қуанып, ілтипатымды білдіргенім сол еді: кері жауап алдым.

Головкинді көріп, амандасып, фотоға түсуге ниеттенгем. «Уақытым жоқ, бала! Мазамды алмашы» деген жауапты естігенде аң-таң болып қалдым. Сонау Қазақстаннан келіп тұрғанда, баланың бетін қайтармаса да болар еді ғой. Мүмкін сол күні шынымен уақыты болмады ма, әлде көңіл-күйі түсіңкі болды ма, ол жағы маған белгісіз. Бірақ, адамның жүрегінде, баланың жүрегінде алғашқы әсер мәңгі бақи қалып қоятыны ақиқат.

Содан бері GGG-ге деген көзқарасым өзгерді. Өзгерсе де мен оған әрқашанда тілекші бола бермекпін.

Ерлан ӘУБӘКІРОВ