Құдайды жоқ шығарған жан мына жағдайдан соң түбегейлі өзгерген

АҚШ азаматы Эван Александр қатты сырқаттанып, ауруханаға түседі. Бауырына жасалған отадан кейін ауыр ахуалдан оңалмаған күйі ессіз ұйқыға кетеді.

Екі апта бойы науқастың жағдайын бақылаған дәрігерлер оған «клиникалық өлім» диагнозын қойып, туыстарына оны жерлеу рәсіміне дайындала берулерін айтады. Миының тек жарты бөлігі ғана жұмыс жасап тұрған Эван бұл кезде расымен де өлі адаммен тең еді.

Ағзасы ешқандай тіршіліктің белгісін көрсетпегендіктен, туыстары да жаназа қамына кіріскен-ді. Бірақ Эванның қайта орталарына оралуына дұға етіп, тілек тілегендерін жалғастыра береді. Күдік соңында сәулелі үміт бар еді. Осы тілекті Тәңір қабыл етті ме, кім білсін, клиникалық өлімінің үшінші аптасында Эванның саусақтарына қан жүріп, көзін ашады. 20 жағдайдың бірінде ғана болатын бұл жәйтті дәрігерлер де ғажапқа балайды. Не керек, тағы екі аптадан соң Эван ауруынан түгел айығып, үйіне шығады. Саулығы сыр бермегенімен, Эван мүлдем басқа адам болған. Мұны туыстары да жиі байқап, таңданыстарын жасыра алмайды.

Бұрын дін дегенге мүлдем сенбейтін, Құдайды жоққа балайтын ол өзі білім беретін Гарвард университетінің студенттеріне Құдай туралы дәріс оқып, шынайы, яғни «арғы өмір» туралы сан түрлі пікірлерімен бөлісетін болған. Мұнысын дәлелдеу үшін 300 адамның басын қосып, ғылыми тұрғыдан дәріс оқи бастайды. Жиылғандар аң-таң. «Мен өліп тірілген адаммын» деп бастайды ол әңгімесін. «Тәнімнен жан кеткен соң қара түнекке бойладым. Жол өте ұзақ болды. Бірде өз аяғыммен жаяу жүрсем, бірде көкке самғап, сұңқарша шарықтадым. Бетті қарыған суықтан, тәнімді өртеген ыстықтан өттім. Лалагүлдің иісі аңқыған жасыл қыратқа жетіп, жайқалған баққа ендім.

Жұлдыздарша жарқырап жүрген, әр қимылынан сәулелі құм шашатын адамдармен тілдестім. Олар періштелер екен. Біз елестетіп жүрген ақ қанаты бар сәбилер емес, олар өзгеше. Көздерінде нұр ойнайды. Ол нұр да өзгеше. Мен оларды жақсы түсіндім. Дауыстары естілмейді, бірақ түсіне білдім. Аяңдар едім сол алқапта, бірақ олар маған тағы да жоғарыға бойлауымды өтінді. Екі аяғымды тең басып жүргеніммен, зымыранша өрге қарай ұштым. Алдымнан тағы да қара түнек шықты. Одан соң алтындай жарқыраған сары әлем. Жан баласы көрінбеді мұнда. Қайда келгенімді білмей дал болып тұрғанымда, алдыма кесе-көлденең сұлу әйел тұра қалды.

Ол қайдан пайда болғанын білмеймін, ол туралы ойлағаным да жоқ, тек сұлулығына сүйсіндім. Ондай сұлулықты ешбір әйелдің бойынан көрген емеспін. Көздері қара, шаштары да қара, ұзын бойлы әйелдің сымбаты еріксіз елітіп әкетті. Ессіз артынан ере бердім. Сары әлем аяқталып, отты өлкеге келдік. Әдемі әйел ендігі жолымның жолсеріксіз болатындығын айтты. Лапылдаған отқа кіре бердім. Бірақ денем жанбайды, тіпті ол оттың жалынын да сезбеймін, ыстығы да білінбеді. Қанша жүргенімді білмеймін, отты жол да аяқталып, аппақ әлемге ендім. Аспан да, жер де ақ. Айналамның барлығы да шексіздікке айналған. Мүлгіген тыныштық. Бұл Құдайдың мекені еді.

Мұны санаммен тез ұғындым. Кенет көзіме жарық сәуле түсті. Барған сайын үдеп барады. Жанарымды тесіп өтіп, көз аштырмады. Салқындықты сезіндім. Алдымен салқын самал, одан соң суық жел, одан кейін денемді қалшылдатқан қара суық. Қатты тоңдым. Көзімді ашып ем, айналамда қаумалаған қауым жүр. Олар аурухана дәрігерлері екен. Бәлкім бұған сенбессіздер, бірақ бұл кезде мен арғы әлемнен, өлімнен кейінгі өмір әлемінен оралған едім. Неге өлмегенімді білмеймін, бірақ мені Құдай өз әлеміне қабылдамады. Бұрын о дүниені жоққа балайтынмын.Біздің әлем тек табиғаттың абстрактілі заңдылығы, өлген адам шірінді болып, биологиялық бөлшекке айналады деп есептеуші едім. Мен үшін Құдайға сенетіндер,оның өсиетіне бас иетіндер есі ауысқан адамдармен тең болатын.

Оларды ессіз деп танушы едім. Қатты қателесіппін. Құдай бар! Ол шексіз мейірімді. 18 мың ғаламның иесі, адамдардың кеудесіне шуақ беріп, мейірімділіктің сәулесін шашқан. Бірақ біз тура жолдан тайып, сол сәулені жоғалтып алдық. Оны іздеп табуға тырыспаймыз да. Егер кеудемізде сол сәуле болса, бүгінгі тіршілігіміз тек әділдік пен жақсылыққа толы болар еді. Аңыздағы, ертегідегі әдемі әлемнің шынайы болары сөзсіз еді. Өкінішке қарай, адамзат атаулыны азғырған әлем бар. Ол қанағатсыздық пен надандықтың патшалығы. Осы патшалық түзу тірлігімізге үстемдік етіп, тура жолымыздан тайдырған. Менің айтарым, Құдай бар. Сеніңіздер, сеніп үйреніңіздер. Ол шексіз мейірімді, өз көзіммен көріп, құлағыммен естідім, Құдай бар!» – деп аяқтады екі сағатқа созылған дәріс-әңгімесін.

Эван Александрдың бұл дәрісін көпшілік күлкіге айналдырды. «Нейрохирург есінен адасты» деген тақырыптағы мақалалар да жарық көрді. «Твиттер» мен өзге де әлеуметтік желілерде бұл баяндама қызу талқыланып, мыңдаған пікірлер айтылды. Ал Эванның өзі болса, әлі де бұл әңгімесін көрген түсіне емес, шынайы оқиғаға балап отыр. Кім біледі, Эван расымен де өлімнен кейінгі шынайы өмірге саяхаттап келген шығар. Айтқанының барлығы да рас болар. Тәңір тәубесіне келтіру үшін де оны өлімнің өрісіне жығып, өз әлеміне бойлатқан болар. Әйтеуір 52 жастағы нейрохирургтың бастан кешкен бұл оқиғасы мені бей-жай қалдырмады. Бұл дүниені жалғанға балап жатамыз ғой, бәлкім шын дүние расымен де сол жақта шығар… Аллаға сенейікші, адамдар!

Назым Төрегелді