Дәрігерлерді қатты таң қалдырған оқиға

«Күйеуімнен өш аламын» деп жүріп адам өліміне себепші болғанын білмей де қалған әйел бір-ақ күнде қылмыскер болып шыға келеді. Бас бостандығынан айырылған әйелдердің дені дәл осындай себеппен түрмеге қамалғандар.

Қостанай облысы Рудный қаласында орын алған оқиға да осыған ұқсас. Арақтан аузы құрғамайтын күйеуі әйелінің ұялы телефонын кепіл ретінде дүкенге тастап кетіпті. Оны білген соң әйелі ашуланып, жұбайына тарпа бас салып, оны сүйрелей жөнеліп дүкенге алып келеді. Екеуінің жанжалына себепкер болған телефонды дүкеншілер бермей қояды. «Қарызды өтеген соң барып қана қолға тиетінін» айтады. Одан ары ашуланған әйел сыртқа шыққан соң күйеуін бар күшімен итеріп жібереді, анау жерге жалп ете түсіреді. Жерде жатқан еркектің басынан бірнеше рет тепкілеген соң жаны ашыды ма, кім білсін, тұруға көмектесіп, қолтықтай жөнеледі. Бірақ, өз үйінің ауласына жеткенде еркек тағы құлайды. Әйел тағы да аяғымен тепкілеп тұрып ақыл айтады. Артынша сұлап жатқан күйеуіне қарамастан үйге кіріп кетеді. Дәрігерлер соққыға жығылған еркекті өлім аузынан құтқара алмаған.

Шалқар ӘБІЛДАЕВА