Бауыржан Момышұлын ашуландырған кім?

Жазушы Мархабат Байғұт бір сұхбатында Бауыржан Момышұлынан қалай сұхбат алғаны жайлы еске алады. Жазушы: «Аудандық газеттен облыстық газетке ауысқан кезім еді. Бас редактор шақырып алып: «Восход» қонақүйінде Бауыржан Момышұлы жатыр екен. Содан барып сұхбат алып келесің», – деді. Үлкендердің ешқайсысы барғысы келмеген. Шошып кеттім. Баукеңнің журналистерді «қарсы алғаны» туралы талай естігенбіз. Амал жоқ, баруға тура келді.

Барсам, Шардара жақтың бір топ адамы Баукеңе арнайы сәлем беруге келген екен. Баукең:

– Сен кімсің? – деп дүр ете қалды.

– Мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің корреспонденті едім, – дедім.

– Вы, корреспонденты, дураки. Потому что обманываете народ! – деді Баукең түсін суытып. Мен не айтса да көнемін деп бекініп отырмын. Тек мына шардаралықтар кетсе деп отырмын. Бір кезде олар кетті. Мен:

– Аға, – деп бастай беріп едім:

– Қайдағы аға?! Мен саған аға емеспін, атамын, – деді Баукең ызғарлы үнмен. Мен:

– Біз жақта әкесінен жасы кішіге аға, әкесінен жасы үлкенге ата деп сөйлейді. Сіздің жасыңыз менің әкемнен кіші, – дедім. Осы сөзден кейін Баукеңнің жүзі жыли бастады. Айтқан сөзім ұнады, шамасы. Сұхбаттасып қайттым».