Бұл жігіттің памперсті не үшін киетінін білгенде ел ойланып қалды (Болған оқиға)

Мешітте наиб имам болып істейтін Дархан екеуміз Құран оқитын бөлмеде отырғанбыз. Ұзын бойлы, қызғылт шырайлы жігіт имене есік ашты.

— Ассаламуғалайкум!
— Уағалайкумуссалам! Келіңіз.
— Рахмет.
Орындыққа жайғасып, құлақшынын қолына алған жігіт үнсіз қалған соң, сұрақты біз қойдық.
— Иә, Құран оқытайын деп пе едіңіз?
— Жоқ, — Сәл күрсініп қалды. – Бір сұрақпен келіп едім.
— Жақсы. Сұраңыз, білсек, жауап берейік.
— Сұрайын дегенім… – Төмен қараған жүзі қызарып, біраз үнсіз отырып қалды.
— Айта беріңіз. Қысылмаңыз.
— Сұрайын дегенім… Дәреті тоқтамайтын адам намазды қалай оқиды?
— Тоқтамағанда, қалай тоқтамайды?
— Тамшылап тұрады.
— А-а. Бұны шариғатта «үзір» деп атайды. – Дакең түсіндіруге кірісті. – Қандай да бір дәретті бұзатын нәрсе үздіксіз болатын болса, мысалы: зәр тамып тұрса немесе қан ағып тұрса, ол адам әр намаздың алдында дәрет алуы тиіс. Ал дәрет алып болғаннан кейін намаз үстінде тағы да тамып жатса, ол намазды бұзбайды. Басты шарты: әр намаздың алдында дәрет алып тұру керек.
— Иә, оны білем. — Жігіт төмен қарап отырып сөзін жалғады. «Адамның бетіне қарамайды екен…» — Менің сұрайын дегенім: егер зәр киімге тиіп кетсе, не болады?
— А-а. Киімге тиіп кетсе, біздің мәзһаб бойынша, егер ол нәжістің көлемі алақан аумағынан аспаса, намаз оқи беруге болады.
— Асып кетсе ше?
— Асып кетсе, киімін ауыстыруы керек немесе жаңағы жерді үш рет жуып, жақсылап сығып тастап, оқи берсе де болады.
— Ал егер ауыстыратын киімі жоқ болса немесе ауыстыруға ыңғайлы жер жоқ болса ше?
— Жаңа айтым ғой, ондай жағдайда үш рет жуып жіберу керек.
— Ал қыста, аязда ше?
— Енді, ондай жағдай ылғи бола бермейтін шығар?
— Кешіріңіз, ылғи болса ше?
— Қалай сонда? – Дәкең таңырқай сұрады.
— Солай, ылғи тамып тұрса…
— Енді… Онда шүберек салып жүру керек.
— Шүберектен де өтіп кетеді ғой… – Қолындағы бас киімін сығымдаған жас жігіт тағы біраз үнсіз қалды. – Кешіріңіздер. Негізі, мен өзім туралы сұрап отырмын… Намазымды бастағалы екі айдай болды…
— Бәрекелді! Қабыл болсын!
— Рахмет, аға…
— Сонда, қашаннан бері бұлай ауырып қалдыңыз? Емделіп көрдіңіз бе?
— Аға, мен… – Көздері жасаурап, төмен қарап кетті. – Мен туылған кезімнен осындаймын… Мені әуелі «өмір сүрмейді» деп ойлаған екен. Өйткені… Артым бітеу болыпты… Операция жасап, ашыпты… Бала кезімнен тоқтамайды дәретім… Талай жерге барып көрдік, болмады…
Дархан екеуіміз бір-бірімізге қарадық. Не айтарымызды білмей дағдарып қалдық.
— Жігіт болған соң қиын екен, аға… Әрине, «Аллаға шүкір» деймін… Көзімді ашып, бұл өмірдің сынақ екенін, қиындықтың сыйы – мәңгілік Жұмақ екенін түсіндіріп қойғаны үшін мың мәрте шүкір етем!.. Міне, намазымды да бастадым. Бірақ, «Қабыл болмай ма?» деп, қорқып жүрмін… Шалбарыма өтіп кетеді…
— Кешіріңіз, атыңыз кім?
— Жанат.
— Жаке, қалың ғылып шүперек салып алсаңыз… Солай істеп көрдіңіз бе?
— Аға, мен… Мен памперс киіп жүремін… Бірақ тоқтамай тама берген соң, одан да өтіп, шалбарымды былғайды… Намаз оқығалы күніне үш памперс ауыстырып киемін…
— А-а… Бір памперс қанша тұрады сонда? – Аңғал Дәкең сұрақты қоярын қойып алып, ыңғайсызданып қалды.
— Біреуі 500 теңге. Ең үлкенін алам ғой… Аға, мен бай жігіт емеспін, бірақ, таза жүру үшін, намазым үшін қайтсем де алуым керек… Жарайды, оны қойыңызшы. Шалбарға өтіп кеткен жағдайда не істеу керек? Жаңағы алақандай мөлшерден асып кетсе?
— Ондай жағдайда, яғни ауыстыруға мүмкіндік жоқ болса, онда сол қалпымен оқи бересіз де… Немесе үйге барған соң, қаза қылып оқисыз. Негізі, бұл сұрақты муфтиятта Пәтуа бөлімі бар, сол жерден барып сұрасаңыз, дұрыс болады.
— Жақсы, аға. Негізі, біраз кісілерден сұрастырғам. Сіздер сияқты айтқан. Бірақ бір күдік кетпей-ақ қойды: «Намазым қабыл ма? Жоқ әлде…» — Жанары боталап, булығып қалды.
Менің де өңешіме толқын тығылды. «Уайымыңнан, көз жасыңнан айналдым, бауырым! Қалай жұбатсам екен сені? Көңіліңе қалай демеу болсам екен?..»
— Бауырым, Жәке, қорықпаңыз, уайымдамаңыз, қабыл болады, иншаалла… Алла Тағала адамға шамасы жетпейтін жүкті артпайды. Сондықтан шариғатымызды барлық жағдай қарастырылып, жеңілдіктер белгіленген. Кез-келген құлшылықты шамамыздың келгенінше атқарамыз. Естіген шығарсыз, мысалы: намазды тұрып оқи алмасаңыз, отырып оқисыз, отыру қиын болса, жатып оқисыз, тегі болмаса ишарамен оқисыз; дәрет ала алмасаңыз, тәяммуммен, ол да мүмкін болмаса, ештеңе істемей-ақ ниет етіп, намазыңызды оқисыз. Қабыл болады… Айтайын дегенім: сіздікі «үзір жағдай» болғандықтан, әр намаздың алдында дәрет алсаңыз болды… Білесіз бе: сіздің бір намазыңыз біздің жүз, тіпті мың намазымыздан артық болуы мүмкін! Өйткені, хадисте айтылғанындай, адам құлшылығын қаншалықты қиындықпен атқарса, оған соншалықты еселеніп сауап беріледі, дәрежесі өседі. Сондықтан еш уайымдамаңыз. Барынша тырысып, сақтанып, оқи беріңіз намазыңызды. Алла разы болсын сізге!..
— Иә, иә. Сіздікі үзірлі жағдай ғой. Қабыл болады, иншаалла. – Дархан да жігерлендіре тіл қатты.
— Рахмет сіздерге! Мен онда жүрейін.
— Жақсы, бауырым, жолыңыз болсын!
— Алла жар болсын, Жәке!
— Әмин. Рахмет. Сау болыңыздар.
— Сау болыңыз.
Есік жабыла сала, екеуміз бір-бірімізге қарадық.
— Қандай қиын, ә?
— Мықты жігіт екен!
— Күніне 3 памперс алса, айына 45 мың теңге! Бұл дегеніңіз кіші-гірім бір айлық қой!
— Айтпаңыз, Дәке! Басқасын айтпағанда, тек дәреті мен намазының қабыл болуы үшін жұмсалған шығыны!.. Шүкірсізбіз екенбіз ғой біз!..
— Иә-ә, Алеке… – Дархан күрсінді. Мен де күрсіндім. «Я, Жаратқан ием! Біз сияқты әлсіз пенделеріңнің қателік-кемшілігін кешіре гөр… Жанат бауырымның ықыласындай ықылас бере гөр бізге… Бауырымның иманына қуат, науқасына шипа бере гөр! Өзіңнің разылығың үшін жұмсаған дүниесін еселеп қайтара гөр! Ісін жеңілдетіп, рыздығын кеңейте көр!.. Я, Алла, бергеніңе сансыз шүкір!..»

Алғадай Әбілғазыұлы