Аяғы жоқ әйелдің жауабы көпті жылатты

Бір жарым ай болды. Таңда 7 шақырым, кеште 7 шақырым жаяу жүремін. Енді осыны әдетке айналдырсам деген ойдамын. Жалқаулықтан жеңіліп қалмасам, әдетке де айналып қалар.

Айтпағым бұл емес. Бүгін қызық жағдай болды.

Жаяу жүргіншілер жолында (жолақжол) екі қолтығына балдақ қыстырған шешей тұр екен. Иә, жас шамасы менің шешеммен қарайдас, елулердегі әйел. Қасына жақындадым да:

«Сізге көмек қажет пе»-дедім.

«Иа»,-деді ол қатқыл дауыс шығарып.

Қатқыл дауыстан тіксініп қалдым. Оның үстіне елпілдеп жетіп барғаныммен, қалай көмектесетінімді ойламағанымды түсіндім. Қалай көмектесем, жолдан көтеріп өткізе алмаймын. Маған сүйеніп өткенге қарағанда балдағына әбден үйреніп алғаны байқалады. Сасқанымнан қайтсем болады деппін. Ол да ойланып жатпады. Шамасы бұл сұрақты маған дейін басқалар да қойған секілді.

«Аяғыңды маған берші»,- деді шешей түйреп жіберердей өткір, әрі өмірге өкпелі көздерін маған қадап. Бірден, салған жерден жауап қайырдым десем, өтірік болар, 45 секундтай ойланып, тосылып тұрып қалдым да «аяғымды бере алмаймын» дедім.»

«Онда басқа көмектің қажеті жоқ. Маған жерді нық баса алатын аяқ қана керек. Басқа көмек керек жоқ. Жолдан мына балдаққа сүйеніп те өте аламын. Сенен де жылдам өтемін, жарысасың ба»- демесі бар ма? Сосын екеуміз жолдан өттік.

Шынымен балдақ бір мүшесі болып кеткендей, ширақ қимылдайды екен. Ұялып қалдым.

Айнұр Төлеудің фб-дағы парақшасынан