Ауызашарға талонмен кіргізген мешіт өкілдері жұртты шулатты

Шымкент жұртшылығынан мешіттегі ауызашарға кіру үшін талон талап еткен. Бұған ауыз бекіткен жамағат наразылық танытып, ренжігендерін жасырмайды. Өйткені, ауызашар дастарханын мешіт емес, бай-қуатты жандар жаятын көрінеді. Бұл туралы өңірдегі NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Шымкенттегі Абдул Хамит Қаттани мешітінде қасиетті Рамазан айында ауызашарға кіру үшін талон сұрайды.

Жұрт арасында «дін қызметкерлері талонды сатады» деген де хабар тараған.

Ал мешіттегілер болса талонның сатылатынын жоққа шығарып отыр. Бірақ ауызашар дастарқанына талон арқылы жіберетінін мойындады. Өйткені солай етуге мəжбүр екен.

«Ауызашар дастарханынан араққа сылқия тойып келетіндер мен ауыз бекітпегендер де дəметеді. Оның үстіне келгеннің барлығын мешітке сыйғыза алмаймыз. «-дейді Абдул Хамит Қаттани мешітінің имамы Ералы Есенгелдиев.
Мешітке ауызашарға келгендер арасында талоны болмағандар кикілжің шығарып, тіпті төбелеске дейін барады екен.

Мешіт өкілдері белгіленген саннан артық кісіні жібере алмайтынын алға тартып, сауаптар молынан жазылатын қасиетті айда шу шығарғандар мен ренжіскендерді сабырлыққа шақырды.

Nur.kz