Анасын буындырған бесіктегі бала жайлы оқиға көптің үрейін қашырды

 Студент кезімде бір құрбымның ауылына қонақ болып бардым. Кешке дастархан басында отырғанда атадан берілетін қасиет туралы әңгіме болды. Егер қасиет қонған адам қайтыс болған соң балаларының бірі сол жолды ұстанбаса, тылсым құдірет ұрпағының бірін қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін екен. 
Апаның айтқан әңгімесі. «Мен келін болып түскенде, көрші үйге де келін түскеніне көп бола қоймаған екен. Жасымыз да шамалас болған соң, Қаламқас екеуміз жақсы араласып, сыйлас болып кеттік. Кейде ауылда қалған ата-анамызды, туған-туысты сағынғанымызды айтып, бірге жылап та алатынбыз. Кішкентай қуанышымыз болса да бөлісетінбіз. Қонақ келе қалса, бір-бірімізге көмектесіп жүрдік. Бірде Қаламқас үлкен атасы қасиет қонған кісі болғанын, оның жолын ешкім ұстамағанын, сол атасы жиі түсіне кіріп, үнемі есік алдына атан түйе әкеліп тұратынын айтты. Ауылдағы емшіге айтқан екен, ол «атаңның қасиеті саған қонғалы жүр, сен бата ал. Егер бетін қайтарсаң зияны тию мүмкін» депті. «Бойымда ешқандай қасиет жоқ, мен қалай бата алам» деді. «Сен немересісің ғой, өз балалары тұрғанда саған келмейтін шығар» деп мен оны жұбатқан болдым. 
   Бір жылға жетпей мен де, Қаламқас та бала көтердік. Оның мезгілі меннен екі айға кеш болатын. Екеуміздің басымыз қосыла қалса, бойымыздағы өзгерісті айтамыз. Қуанышымызда шек жоқ. Ана болудың қандай керемет сезім екенін сонда ғана білдік қой. Ай күнім жетіп, мен қыз босандым. Қызым қырқынан шықпаған соң мен үйден ұзап шықпаймын. Сондықтан қолы босаған кезде Қаламқас маған келіп тұрды. Бір күні жүзінің жабырқау екенін байқадым. Не болғанын сұрап едім «түн болса, іштегі балам кеудемді тырмалап, бір дауыс шығаратын секілді. Таң ағарғанша ұйқы бермейді» деді. Мен оған не деп айтарымды білмей, «емшіге көрінсейші» деп кеңес бердім. 
   Бір күні «Қаламқас босанғалы жатыр» деп енемді шақырып кетті. Бірақ оның босанатын уақыты жеткен жоқ еді. «Шала туған ғой» деп мезгілінен ерте босанғанын жамандыққа жорымадым. Бірақ бір күдік іштей мазалады. Не жағдай болғанын білмей дегбірім қашты. Кеш болды. Түс ауа кеткен енем де келмей қойды. Кеш қарая енем де келді-ау әйтеуір. Бас салып сұрауға қымсындым. Өзі де ештеңе дей қоймады.
     Кешкі астан кейін шай ішіп отырғанда, әңгімені өзім бастап, «Қаламқас ұл тапты ма, қыз ба?» деп сұрадым. Енем әркездегідей, сабырлы мінезімен, сәл үнсіз отырды да, «айтарға тілім бармайды» деді. Шыдай алмай «тыныштық па?» деп сұрадым. «Құдай басқа бермесін, аяқ-қолының тырнақтары сояудай, түрі адам деп айтуға келмейтін бірдеңе, өлі туылды» деді. 
Содан кейін Қаламқас біраз уақытқа дейін үйінен шықпай қойды. Бір күні енемнен «Қызымды алып Қаламқасқа барып келейін» деп сұрадым. Енем «өзің барып, көңілін аулап қайт. Сенің балаңды көрсе көңілі бұзылар» деді. Енемнің ақылын тыңдап, өзім бардым. Қаламқас мені құшақтап ұзақ жылады. Оған қосылып, мен де жыладым. Әлден уақытта жылағанын тоқтатып, қызым жайлы сұрады. Қылықтарын айтып едім, ол да мәз болып көңілденді. Қайтарда «мен баладан шыға алмаймын, сен келіп тұрсайшы» дедім. Ертесіне-ақ ол үйге келді. Содан кейін жиі келіп, қызымды ойнатып кетіп жүрді. 
Көп ұзамай Қаламқас қуанышты хабармен келді. Тағы аяғы ауыр екен. Бала көтеру ана үшін қандай қуаныш екенін тек ана ғана түсіне алады. Қаламқас үшін қатты қуандым. Алладан «аман-есен аяқ-қолын бауырына алып, сәбиін бауырына басса екен» деп тіледім. Ай-күні жеткенде Қаламқас қыз тапты. Ауыл болып шілдехана тойын өткіздік. Қаламқастың қызы әлі қырқынан шықпаған соң мен барып тұрдым. Өзімше білгенімді үйретем. Бір күні Қаламқас «бала қанша айлығында сықылықтап күледі?» деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ «үш-төрт айда шығар» дедім. «Ал менің қызым қырқынан шықпаса да сықылықтап күледі, сонда қалай болғаны» деді. Мен не деп айтарымды білмей, тосылып қалдым. Қаламқас әңгімесін жалғап, «ұйықтаған соң түн ортасы ауғанда қызымның сықылықтап күлген дауысынан оянам» деді. «Дауысты түсіңде еститін шығарсың?» деп жұбаттым. Өзім де солай шығар деп ойладым.
    Арада төрт-бес ай өткенде «Қаламқас көтеріліп ауырады екен» деген сөз шықты. Бірақ мен ол әңгімеге сене қойғам жоқ. Өйткені Қаламқасты күнара көрем. Бойынан ондай өзгеріс байқаған емеспін. Бір күні енемді сол үйге шақырды. Келген соң енем «Кейінгі уақытта Қаламқастың бойынан ештеңе байқамадың ба?» деп сұрады. «Жоқ. Неге сұрадыңыз?» дедім. Енемнің айтуынша, түнде ұйықтаған кезде қызы бесіктен босанып келіп, Қаламқасты буындыратын көрінеді. Өлдім-ау дегенде қызының қолынан босап шығады екен. Қаламқас есін жиям дегенше қайта барып бесігіне жатып алатын көрінеді. Ол сөздерге сене қоймай, «түсінде қара басатын шығар» дедім. Көпті көрген енем «жоқ, бұл жерде бір гәп бар сияқты» деді. 
Келесі күні Қаламқастың хәлін білуге бардым. Ол өте көңілсіз екен. Мән-жайды қалай сұраудың да жөнін таппай отырғам, өзі сөз қозғады. Енемнің айтқанын қайталады. «Ұйықтағанда бастығырылып қалып жүрген шығарсың. Ол түсің болар» дедім. Жоқ, оянып, көзімді ашқанда қызымның маған қарап сықылықтап күліп, бесігіне барып қайта жатқанын анық көрем» деді. Мен не айтарға білмедім. Екеуміздің құшақтасып, жылауға ғана шамамыз жетті. 
Көп ұзамай «Қаламқас қайтыс болды» деген суық хабарды естігенде, есімнен тана жаздадым. Кейін білдік, бесіктің қолбауына буынып өліпті. Қаламқастың өлімін әркім әр саққа жүгіртті. «Күйеуі буындырып өлтіріпті» деген де сөз шықты. Өйткені ешкім де «бесіктегі қызы буындырып өлтіріпті» дегенге сенген жоқ. Қаламқастың қызы туралы айтқанын білсем де мен де ол кезде сене алмаған едім» деп апа әңгімесін аяқтаған еді. 
Апаның пайымдауынша, Қаламқастың өліміне атадан келе жатқан тылсым қасиет себеп болған болуы ықтимал. Егер түсіңде аян берсе, бойыңда қасиет болмаса да, бата алған жөн. Бата алған соң атаның қасиеті ақырын-ақырын бойға дариды екен. Кім білсін, бәлкім бұл сөзде де бір шындық бар шығар?!
Дереккөз: el24kz