Айлар бойы жаңбыр жаумайды. Себебі…

Ауызашарға жиналған жұрт ауыз ашып, шөлін басып, əлденген соң қасында отырғандардан кемелді ой, қарымды əңгіме күтетіні бар емес пе?! Сөйтіп отырғанда имам сөз бастап, əңгіме өрбітті. Ауызашарға жиналған жұрт зейіндерін имам жаққа салды. Осындай отырыстарда имамдардың ғибратты уағыз-насихаттарын айтатын əдеті ғой. Имамның бұл жолғы əңгімесі өзінің басынан өткерген, көзімен көрген дүниесі болды. Жұрт құлақ түріп ұйып отырып қалды. Əңгіменің төркіні өткен жылдардағы құрғақшылықтан шықты.

«Ауылда жаңбыр жаумай, құрғақшылыққа тап болдық. Ауыл адамдарымен жиналып, бірнеше рет тасаттық та бердік, бірақ еш нәтиже болмады. Ақыры соңында біреулер «бәлен деген жерде үлкен ақсақал бар, сол кісіге жолыққандарыңыз абзал» – деп, кеңес берді. Əлгі ақсақалды тауып, мəн-жайды айтқан соң, сəл отырып, көз қиығын имамға бұрып: «Ауылды аралаңдар» – деп, қысқа ғана қайырды. Біз ауылды аралап көп жүрдік. Сөйтіп келе жатып бір үйге тап болдық. Əлгі үйде кілең бала-шаға ғана тұрады екен. Ал, ата-аналары жоқ. Айта кететін нәрсе əлгі үйдің шатыры жоқ, төбесі опырылып құлаған боп шықты. Сөйтіп ауыл адамдары, жамағат боп жиналып əлгі үйдің шатырын жауып бердік. Үйдің төбесін қалай жауып болдық солай найзағай ойнап, нөсердің жауғаны бар… Көптен бері жаумаған жаңбыр жауып, халықтың тынысын бір кеңейтіп, еңсесін көтерді» – деп, имам сөзін тамамдады.

Табиғат өз мінезін көрсетсе, бұл да адамдардың ниетіне байланысты секілді. Иə, жаңбырдың көптен жаумай, құрғақшылық болғаны сол балалардың тілегі іспеттес. Айналаға бір сəт зер салсақ, мəн беретін жайыттар қаншама. Бірақ, мəн беріп, зерделеп көрмейміз, сезінбейміз. Егер де зер салып, мұқият ойланатын болсаң, əр мəселенің өзінің жауабы бар екеніне көз жеткізесің. Шіркін, Алла Тағаладан асқан шебер əрі əділ ешнəрсе жоқ. Болып жатқан нәрсенің барлығы Алла Тағаланың қалауымен екендігінде дау жоқ.

Қалқаман Абдрахманұлы