«91»-ге қарсылық: «Ninety One-дық» стильдағы жұмыстар өріс алып жатса қайтпекпіз?!»

Сессия жұмысында мен «Ninety One» тобының әншісі Дулат Мұхаметқалиевтің «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық кеңесінің мүшесі болғанына қарсылық танытқан ақтөбелік досымның сөзін қоштап едім.
«МӘУЛЕН САҒАТХАНҰЛЫ АЙТҚАНДАЙ, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» – САНАНЫҢ АШЫҚТЫҒЫ. АЛ, САНАНЫҢ АШЫҚТЫҒЫ – «ШЫМКЕНТТІҢ ҚЫЗДАРЫ ЗЫҢ-ЗЫҢ» ЕМЕС ҚОЙ, ҚЫЗДАРЫМЫЗДЫҢ АШЫҚ-ШАШЫҚ, ҰЛДАРЫМЫЗДЫҢ ҚЫЗДАР СЕКІЛДІ КИІНІП, ҚҰЛАҚТАРЫН ТЕСІП, ШАШТАРЫН БОЯУЫ ЕМЕС ҚОЙ, ҚОҚЫС ЖӘШІГІНЕ АЙНАЛҒАН ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ БЕЛДЕН ТӨМЕН ӨРЕДЕГІ ЖАЗБАЛАРЫ МЕН ВИДЕОЛАРЫН ЖАРИЯЛАУ ЕМЕС ҚОЙ, СӨЗ ҚАДІРІН КЕТІРУ ЕМЕС ҚОЙ. СОНДЫҚТАН ДА МЕН, «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» СЕССИЯСЫНА ҚАТЫСУШЫ ЖАСТАРДЫҢ АТЫНАН ҚАБЫЛДАНАТЫН ҚҰЖАТТА ӨНЕРГЕ БЕТ БҰРҒАН ЖАСТАРДЫ ЖӨНГЕ САЛАТЫН ПУНКТІҢ БОЛУЫН СҰРАЙМЫН. ӘЙТПЕСЕ, «91» СЕКІЛДІ ТОПТАРДЫҢ ӘНШІЛІГІН, ӨНЕРІН, ТАНЫМАЛДЫЛЫҒЫН ҚЫЗҒАНЫП ЖАТҚАН ЖОҚПЫН. ТЕК, СӨЗ ҚАДІРІН КЕТІРМЕСЕ ЕКЕН. ӨЗ ҚАДІРЛЕРІ ӨЗ ҚОЛДАРЫНДА. «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» САНАНЫҢ АШЫҚТЫҒЫ, ОЙДЫҢ ЕРКІНДІГІ, СӨЗДІҢ БОСТАНДЫҒЫ БОЛСА, ОЙДЫҢ АШЫҚТЫҒЫ – ТАЯЗДЫҚ ПЕН ТӨМЕНДІК ЕМЕС, ТЕРЕҢДІК ПЕН АСҚАҚТЫҚ.
Гала-форумда оқылған құжатта өнер мен өренің деңгейін көтеретін пункт болған жоқ.
ОРТАЛЫҚ КЕҢЕС ҚҰРАМЫНДА ӘДЕБИЕТ ӨКІЛІНІҢ БОЛМАУЫ МЕНІ ҚАТТЫ ҚЫНЖЫЛТТЫ.
Сонымен бірге, Орталық кеңес ықпалы бар ұйым деп білемін. Ертеңгі күні, «Рухани жаңғыру» аясында өтетін жұмыстарға мұрындық болатын да кеңес. Сол кезде «Ninety One-дық» стильдағы жұмыстар ауқымды атқарылып, өріс алып жатса, қайтпекпіз?!
Гала-форумда Дулат бауырымыз: «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ» НЕГІЗГІ КӨЗІ – ӨНЕР САЛАСЫ. РУХАНИ ҚОРДЫҢ ҚОРЕКТЕНДІРУШІ, САЛМАҚТЫ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БІРІ – ШОУ БИЗНЕС. ҚАЗАҚ ТІЛІН ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙГЕ ШЫҒАРҒЫМЫЗ КЕЛСЕ, ОНДА БІЗ ҚАЗАҚ ТІЛІН Q-POP ЖАНРЫНА ЫҢҒАЙЛАСТЫРУЫМЫЗ КЕРЕК», — деді.
Айналайын, бауырым! Өзің айтқандай рухани қорды қоректендіруші салмақты құрал – өнер. Тек, ол өнер – сырға таққан, шаш бояған, сөздің киесінен қорықпаған «Иглздардың» және тек танымалдылық үшін әнін емес тәнін жарнамалағандардың өнері емес. Құрманғазы мен Динадан, Ақан сері мен Жаяу Мұсадан, Сұлтанмахмұт пен Жұмекеннен қалған киелі өнер.
Ешкімге, ешқандай ұран тастағым келіп отырған жоқ. Тек, сананы жаңғыртуда сапалы жұмыстар күткен көңілімізді су сепкендей басқан осы жағдайға қынжылғаным болмаса…
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ,

ақын