10-сынып оқушысының көрген зорлығы көптің ашуын туғызды

Біз өзіміз бес ағайындымыз. Мен үйдің екіншісімін. Артымнан ерген екі сіңлім мен інім мектеп оқушысы. Әпкем басқа қалада оқуда, студент. Үйде әкем және әжем бар. Сіздер осы арада «анасы қайда?» дейтін шығарсыздар. Енді мен сол туралы айтайын.

Мен есімді білгелі біздің анамыз бізге қарамай, жиі-жиі үйден кетіп қалатын, ал, үйде болғанда бізге ұрсып, соққыға жығып, қатыгездік танытатын. Сөйтсек, шешеміз ақыл-есінің кемістігінен зардап шегеді екен. Оған әкемідің өзі үш балалы болғанда көз жеткізіпті. Арнаулы түзету мектеп-интернатында оқыған екен, диагнозы: олигофренияның дебиль түрі.

Анамыз бізге адам төзгісіз іс-әрекеттер көрсететін. Ойлаңыздаршы, қандай ана қақаған қыста баласын тырдай жалаңаш етіп шешіндіріп, далаға шығарып жібереді. Қыстың қара суығы өңменімізден өтіп, өліп кетер ме едік, әкеміз жұмыстан келіп, үйге кіргізбегенде. Соның өзінде қызуымыз көтеріліп ауырып, тұрдық.

Қолына түскен кез-келген үшкір затты, мейлі ол шанышқы, қайшы болсын, біздің денемізге батырып, қанымызды ағызатын. Одан қалған іздер денемізде тыртық болып қалды. Шамасы жеткендерін көтеріп алып, қабырғаға бар күшімен баспен лақтыратын. Ал, ересектеуімізді теуіп кете беретін. Біз болсақ, басымыз қатты ауырып, денемізді көтере алмай, дел-сал күйі біраз жататынбыз. Сөйтіп бірде інімнің қолын екі жерден сындырып тастаған. Ол кезде ол бар болғаны үш жаста еді.

Ал, осыдан алты жыл бұрын бесеумізді әкемізге айтпай, өзімен бірге нағашыларымызға алып кетті. Ол жақта бізді бәрі ұрсып-ұратын. Азаннан кешке дейін үйде қамап ұстап, тек күл-қоқыс төккізгенге ғана шығарды. Бұндай өмірден әбден шаршаған мен тығылып жүріп бір күні әкеме қоңырау шалдым. Әкем дәл сол күні-ақ жетіп келіп, бізді ол үйден ертіп әкетті. Біздің әкемізбен кеткенімізді құп көрмей, әкемнің үстінен «балаларымызды ұрлап әкетті» деп сотқа шағымданыпты. Сот отырысы кезінде, әйтеуір, шағымын қайтып алды. Бірақ, біз де шешемізбен ол жақта тұрғымыз келмейді!

«Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды» демекші, өз ұясын бұзбайды ғой, ал, біздің анамыз бізге қарамақ түгілі әкемізбен бірге тұрған күннің өзінде басқа еркектермен қыдыратын. Мұның бәрі жел сөз емес, өзім көргендерім. Әсіресе, нағашылар жақта жүргенімде талай рет жаман қылықтарына куә болғанмын. Бізді қамап тастап қойып, өзі өзгемен қыдырып жүргенде де нағашы әжеміз ештеңе демеді. Талай рет шешемнің үстінен шыққан арақ пен темекінің сасық иісінен құсқым келіп қашқаным бар. Мен шешем тәрізді болғым келмейді! Біз осылай туған анадан безініп отырмыз. Тағдың жазуы ғой, біз де мейірімді отбасында өскіміз келеді, жүзінен шуақ шашып тұратын ананы қалар едік.

Одан кейін 3 жыл 6 ай бізді көрмей жүріп-жүріп, ақыры барар жері, басар тауы болмады ма, үйге қайта оралды. Бұл 2013 жылдың күзі болатын. Анамыз емес пе, жанымыз ашып, үйге кіргіздік. Бірақ, үмітіміз ақталмады. Ол бізді бұрынғыдай ұра алмағанмен, біреудің затын тартып алу мен ұрлап алуды, өтірік айтуды үйрете бастады. Базарға бірге еріп барғанымда әшекей бұйым сататын әйелдермен қалай жүзік ұрлағанын да көрдім. Осы қылықтарын көрген сайын оның біздің туған анамыз екеніне сенгім келмейді… Бірақ, шыны осы…

Міне, екі ай бұрын анамыз тағы үйден кетіп қалды. Біз енді әкеме ажырас деп отырмыз. Себебі, ол бізге ана болып дұрыс тәрбие бере алмайды. Әкеміздің екі мамандығы бар: электросварщик және көлік жүргізуші. Әкемнің жеңіл көлігі де бар. Арақ ішпейді, темекі шекпейді. Бес уақыт намазын қаза қылмай келе жатыр.

Мен енді бізге ана, әкеме аяулы жар, әжеме жақсы келін бола алатын жан іздеймін. Жасы 30-35-тердегі жесір келіншек болса, құба-құп. Бір-екі баласы болса да, біз де олармен туған бауырдай болып кетеміз деп ойлаймын.

Мен әкемді қатты жақсы көремін, оның бақытты болғанын қалаймын. Менің де, бауырларымның да сабақ үлгерімдері өте жақсы. Болашақта бір-бір маман иесі боламыз деп сенемін. Мен әкеме әлі де адал жар кездеседі деп үміттенемін.

С.Ұ.

10-сынып оқушысы.

Қызылорда қаласы